Қайнар діни- тұрмыстық кешені
Географиялық орналасқан орны: Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 196,4 км қашықтықта Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының шекарасында орналасқан.
Координаттары: N 46°11'01.8" E 56°18'81.1"
Нысанның мәртебесі: XVIII ғ. - XX ғасырлардағы тарих және мәдениет ескерткіші діни-тұрмыстық кешен болып табылады.
Сипаттамасы: Ескерткішке екі қабірден, 35 сағанатамнан (қабірге салынған үй), 75 тастан (қойтас), 350 қабір тастарынан, 80 қоршаудан және 300 –ге жуық жерлеу орындарынан тұратын қорым, сондай-ақ мешіт кешені және жеке құдық-шыңырау кіреді. Аумақтағы тұщы судың мол шығатын көзі жалғыз құдық болған. Құдық ұлутас – қабатынан қазылған, оның аузы сақиналы төсеммен өрілген. Сондай-ақ, мал суарылатын тас астаулардың қалдықтары кездеседі.
Кешеннің ерекшелігі діни, әкімшілік, шаруашылық құрылыстардың, медресенің және т.б. тұтас жүйесінің болуы. Қабырғалары шикі саман таспен тасты блоктармен кезектесе отырып қаланған. Барлық құрылыстардың төбесі күмбездермен жабылған, шатырдың периметрі бойында жаңбыр суы ағатын тас ойықтары бар. Ғимараттардың ішкі бөлігінде бұрынғы сапалы сылақтың және әктелген іздері сақталған. Орталық орынды төрт күмбезді мешіт ғимараты алады. Күмбезін қоса есептегендегі биіктігі 4 метр, қабырғаларының қалыңдығы жарты метрге жуық болып келеді. Уақыт өте келе күмбездер құлаған. Залдың ортасында қуатты бағаналар орталған, одан төрт жаққа кететін арка тұрғызылған, ал бағанның өзі ғимараттың негізгі тірегі болып табылады.
Мешіт үлкен және кең ойпаңды жерде орналасқан, сондықтан кешенді оның айналасындағы биік төбелерге көтерліп шығу арқылы көруге болады. Зерттеулерге сәйкес, мешіт-медресені кезінде Кіші жүздің Жетіру табын руынан шыққан Қашақ молданың ұлы, белгілі Досжан ишан (Досеке) (1812-1896 жж.) салған. Ол Меккеге қажылық жасаған алғашқы қазақтардың бірі, белсенді діни қайраткер болған.
Қайнар қорымы бүгінгі таңда Батыс Қазақстандағы ең ірі және бірегей зираттардың бірі болып табылады, оған діни сәулет саласындағы қазақтың тас кесіп қашау өнерінің барлық үлгілері – құлпытастар, қойтастар, сандықтастар, сағанатамдар мен кесенелері кіреді. Сонымен қатар, кешендегі медірісені білім беру орталығының үлгісі ретінде санауға болады
Әдебиеттер:
1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.221;
2. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы:Жылыой Мақат аудандары. Т. III. - Атырау, 2013.- 8-244 бет;
3. Мендикулов М.М. Памятники народного зодчества Западного Казахстана – Алма-Ата, 1987.