Иманқара кешені
Географиялық орналасқан орны: Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км, Ақкиізтоғай селосынан солтүстік-солтүстік-шығысқа қарай 34,4 км қашықтықта.
Координаттары: N 47°24'13.0" E 54°27'30.4"
Нысанның мәртебесі: Археология ескерткіші.
Сипаттамасы: Таудың ұзындығы шамамен 2 шақырым, ені 300 метрден асады, биіктігі 200 метр. Тау табиғи және тарихи-мәдени мұра нысаны болып табылады..
Иманқара кешеніне үңгір және 18 қорғандар тобы кіреді. Таудың батыс бөлігіндегі баурайда үңгір бар. Үңгірдің биіктігі – 2 м, ені 2,5 м, тереңдігі 25 м, ол 3 дәлізден және қосалқы қуыстардан тұрады. Кейбір жекелеген мамандар үңгір алғашқы қауым адамдарының мекендейтін жері болуы мүмкін деген пікірде болса, алайда бұл болжам дәлелденбеді. Екінші пікір бойынша үңгір қолдан жасалып және орта ғасырларда әулиелік табынатын орны ретінде қолданылған.
Кейінірек XIX ғасырда аймақтың өнеркәсібін игеру кезінде үңгірді шетелдік компания материалдарды сақтау және жұмысшыларды аптап ыстықтан құтқару орны ретінде тереңдетіп кеңейткен. Көптеген ғалымдар үңгірдің пайда болуын табиғи жолмен емес қолдан жасалған деген көзқарасты қолдайды.
Тау үстінде 18 қорғаны кездеседі. 1989-1991 жылдары мұнда белгілі археолог З. Самашевтің басшылығымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу қорытындылары бойынша қорғандар біздің эрамызға дейінгі V-ші ғасырға жататыны анықталды. Қорғандардағы жерлеу рәсімі, одан табылған құрал - саймандар мен қару-жарақтар, қанжарлар, қола жебелер, қола айна, шыны моншақтар, қыш ыдыстар, олардың сармат мәдениетіне жататынын дәлелдейді.
Әдебиеттер:
1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.215-216;
2. Сакральные объекты Казахстана общенационального значения. – Астана, 2017 – С.26-28;
3. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Жылыой Мақат аудандары. Т.III. - Атырау, 2013.- 180-190 бет.