Ақпарат
Фотогалерея
Бейнеролик
Виртуалды тур

Индер көлі

Географиялық орналасқан орны: Индер ауданы, Индербор кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 9 км қашықтықта.

Координаттары: N 48°30'48.7" E 51°52'26.8"

Нысанның мәртебесі: Табиғи мұра ескерткіші.

Сипаттамасы: Индер тұзды көлі Атырау облысы Индер ауданы территориясында орналасқан. Көлдің солтүстік жағалауы Индер тауларымен шектеседі, ал оңтүстік жағалауы жазықты болып келеді. Индер тұз күмбезі 250 мың шаршы шақырымды алып жатады.

Сапасы мен шөгу жағдайы бойынша Индер ас тұзы кен орны пайдалы қазбалардың бірінші тобына жатады. Көлдің суы құрамында калий, бром, бор және жоғары сапалы тұздар бар. Тұз ақ, табиғи мөлдір болып келеді. Терригендік материалдардың қоспалары оған қызғылт және сұр рең береді.

Көлдің маңында үңгірлерден бастауын алатын көптеген бұлақтар кездеседі. Тау жыныстарынан шығып жатқан Күркіреуік бұлағы Индер тұзды көлінің бастауы болып табылады. Өз ауруларына ем іздегендер көлдің қара емдік балшығына емделіп тұзды суға шомылады. Қыста тұзды бұлақтар қатпайды, шомылу кезінде тұздың жоғары концентрациясына қарамастан, су жұмсақ және денеде қалмайды. Осы қасиеттерді бағалайтын адамдар жазда Күркіреуікке емделуге келіп бірнеше күн түнейді.

Бұлақтардың арасында аңызға айналған мистикалық құпияға толы "Әулие Қыз" ерекше бұлағы бар. Мұнда негізінен көбіне бала көтере алмай жүрген әйелдер түнеуге келеді. Аңыз бойынша, әулие қыз тау шыңына көтеріліп, онда Матен Әулие қалдырған ерекше "Дендер" тасын табады, ол түнде жанады, ал адам оған жақындағанда артқа қарай жылжиды. Қыз басын көтеріп, қайғыдан жылай бастайды, біраз уақыттан кейін ол көз жасынан пайда болған көлді көреді. Әулие Қыз "Күркіреуік", "Сарқырауық" бұлақтарының суы мен балшығына емдік қасиет қосады, тұзды көлге айналған жер көптеген науқастардың дертіне шипа болады.

Әдебиеттер:

1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С. 224-225;

2. Боркин Л.Я., Ганнибал Б.К., Голубев А.В. Дорогами Петра Палласа- СПб-Уральк-2014;

3. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Қызылқоға, Индер ауданы. - Атырау, 2012.- 106-183 бет.