Ақпарат
Фотогалерея
Бейнеролик
3D моделі

Бөкен бидің жерленген жері

Географиялық орналасқан орны: Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 9 км қашықтықта.

Координаттары: N 48°24'23.6" E 52°48'41.1"

Нысанның мәртебесі: Қала құрылысы және сәулет ескерткіші.

Сипаттамасы: Қарабау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 9 км жерде орналасқан.

Кесене 1995 жылы ақ тастан салынған. Кесене шаршы пішінді, төбесі күмбезді, ортасында үшкір сымы бар киіз үй пішінде тұрғызылған. Кіреберістің үстіндегі орталық қабырғада "Есентемір Бөкен би» деген жазу бар.

Бөкен би (1771-1857 жж.) дала кеңістігіндегі ең дана және құрметті билердің бірі.

Бөкен би Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау деген жерде туып өскен. Ойыл өзені маңындағы Қожас көлінің жағасында тұрған. Бөкен Кіші жүздің басқа билерінің арасында жасы жағынан аға болғандықтан, барлығын да әділдікпен, тапқырлықпен, шешендікпен, турашылдықпен, адалдықпен, шешендікпен тәнті еткен. Ол тек Батыс Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көрші аумақтарда да танымал болған. Ол көрегендігімен және батылдығымен ерекшеленді. Осы себепті қазақтар, ноғайлар, башқұрттар Бөкен биге әділдік іздеп, төрелігіне жүгінуге алыстан ат арылтып келген. Бөкен би бұра тартып теріс билік айтпаған, ең алдымен ел ішінің тұтастығын, ынтымағын тілеген, дәулетке масаттанып, бақ, атақ, дәреже үшін дауласып жататындарды жақтырмаған.

Бөкен 17 жасынан бастап билікке араласып, даулы мәселелерді шешуге қатысып, ғұмырының 76 жылын төрелікпен өткізген. Ол өзі туралы мадақтауды жақтырмай, Бөкен би: "тау уақыт өте келе-шөгеді, теңіз уақыт өте келе тартылып құрғайды, ештеңе мәңгі болмайды, тек халық, егер менің атым халық жадында сақталса, бұл маған жеткілікті", – деп айтқан екен.

Ел арасындағы аңыз әңгімелерде Бөкен би жануарлардың, аңдардың, құстардың және судың тілін түсінене білген әулиелігіде болған деседі. Өзіне ақыл сұрай келгендергі: "Дүние бұлдырап тұрған сағым. Оның түбіне жеткен пенде жоқ, қайта пенденің түбіне дүние жетіп жүр. Олай болса дүниеге қызықпаңдар, дүниені қумаңдар" дейді екен. Ел ішінде Бөкен би өмір бойы өгізге мініп жүрген деген аңыз бар. Атқа мінбеу себебін сұрағанда Бөкен би: "Аттың үстінің желігі болады, одан адамның көңілі өседі, біреуіңе тілің тиіп кетуі мүмкін, сол себептен атқа мінбеймін",-деп жауап беріпті. Оның ел тұтастығын ойлап, ел мен елді біріктіретін жол іздеген қоғамдық - қайраткерлік қызметі шексіз.

Бөкен би беделді, мақалдап, жүйелеп сөйлеуге шебер болған. Оның мақалдары кейінгі ұрпақты тура жолға бастайтын, мысалы: «Арам байлықтан таза кедейлік артық», «Еркектің қаруы – қолында, әйелдің қаруы – тілінде», «Малды төлден жина, ақшаны еңбектен жина», «Сот та, би де құнды өндірсе де, арды өндірмейді», т.б.

Әдебиеттер:

1. Региональные сакральные объекты Казахстана. – Алматы, 2017- С. 48;

2. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Қызылқоға, Индер ауданы. - Атырау, 2012.-30 бет.