Алып ана қорымы
Географиялық орналасқан орны: Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км қашықтықта.
Координаттары: N 48°10'13.5" E 54°57'31.3"
Нысанның мәртебесі: Тарих және мәдениет ескерткіші.
Сипаттамасы: Алып Ана қорымыXIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын діни-жерлеу кешені. Ғимарат әк тас пен құм материалдарынан тұрғызылған. Алып ана қорымы күйдірілген кірпіштен қаланған кішігірім күмбезді кесенелерден және әр түрлі деңгейде сақталған көптеген құлпытастардан (құлпытас ескерткіштері-стелалардан) тұрады.
Алып ана қорымы Сағыз темір жол станциясынан оңтүстік – шығысқа қарай 8 км жерде, Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Сағыз өзенінің жанында орналасқан. Ескерткіштің аумағы 3,2 гектар жерді алып жатыр. Қорғалатын аймақтың жалпы ауданы 16,6 гектарды құрайды. Оның ішінде: қорғау аймағының ауданы– 4,4 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағының ауданы – 12,2 гектар.
Әр түрлі жазбаша дереккөздер мұнда мықты және батыл алып әйел жерленгенін айтады. Кейбір аңыздарда Алып ана елге танымал Түкті Шашта Әзиз бабаның әйелі болған деп айтылады.
Негізінен қабір үсті құрылыстары маңғыстаулық Үстірт стилінде шикі саздан және ақ кірпіштен тұрғызылған. Қорымда көбінесе күйдірілген кірпіштен жасалған кішкентай күмбездер мен әр түрлі қабір тастары кездеседі. Қабір тастарында әйелдердің зергерлік бұйымдары мен аяқ киімдерінің суреттері бейнеленген.
1979-1980 жылдары "Қазреставрация" бірлестігінің экспедициясы зерттеген (жетекшісі С.Е. Әжіғали).
Әдебиеттер:
1. Алып-Ана // Казахстан. Национальная энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2004. – Т. I.;
2. Ескерткіштер тарихи. – Путеводитель по памятникам. _ Актобе,1992;
3. Ажигали С.Е. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана, А., 1994;
4. Сакральный Казахстан.Т.2 – Астана, 2018 - С. 129;
5. Региональные сакральные объекты Казахстана. – Алматы, 2017- С. !46;
6. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы:Қызылқоға, Индер ауданы. - Атырау, 2012.-27 бет.