Оңай ата кесенесі
Географиялық орналасқан орны: Мақат ауданы, Доссор кентінен оңтүстік-батысқа қарай 24,5 км қашықтықта, Атырау – Ақтау тас жолы бойында орналасқан.
Координаты: N 47°25'10.5" E 52°36'56.2"
Нысанның мәртебесі: Қала құрылысы және сәулет ескерткіші.
Сипаттамасы: 1999 жылы салынған ескерткіштің жалпы ауданы 6,60 х 6,60 м құрайды. Тарихшылар мен өлкетанушылардың мәліметтері бойынша, емші Оңай Есімбетұлы ысық руынан 1823 жылы Мақат ауданында дүниеге келіп, 1900 жылы 77 жасында қайтыс болған.
Оңай ата Атырау тарихындағы ең беделді тұлғалардың бірі. Халықтың айтуы бойынша, ол алдын ала болжайтын көріпкел адам болған. Оңай ата қыста теңіз жағалауын мекендеп, ал жаз және күз айларында ол Ойыл, Қиыл, Сағыз жағалауларын жайлаған. Бай дәулетті адам болғандықтан, ол жомарттықпен және жолаушыларға көмек көрсетумен ерекшеленді. Қайрымдылығымен, жарлы-кедейлерге, жанашырлығымен халық арасында силы болған. Оңай ата өзінің көріпкелділік қабілетін қолдана отырып, адамдарға көмектескен. Дертіне шипа іздеген көптеген мұқтаж адамдар, осы уақытқа дейін оның басына зират етіп, түнеп аруағынан демеу күтеді.
Әулие жерленген жердегі кесене 1999 жылы Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың бастамасымен салынған. Кесене құрылысын сәулетші М. Нұрқабаев басқарды. Оның жерленген жерінде мешіт пен қонақ үй бар.
Әдебиеттер:
1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.181;
2. Региональные сакральные объекты Казахстана. – Алматы, 2017 - С. 163;
3. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы. Жылыой, Мақат аудандары. – Алматы, 2013 –б. 244- 289;
4. Мендикулов М.М. Памятники архитектуры полуострова Мангышлак и Западного Казахстана – Алма-Ата, 1956.