Алтын қорымы
Географиялық орналасқан орны: Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 4 км, Атырау-Индер тас жолының 63 – ші км –нен шығысқа қарай 1,5 км қашықтықта.
Координаттары: N 47°39'17.7" E 51°41'19.9"
Нысанның мәртебесі: Қала құрылысы және сәулет ескерткіші.
Сипаттамасы: Алтын қорымы типі және стилі бойынша түрлі құлпытастардан, кесенелерден, қоршаулардан және басқалардан тұратын кешен болып табылады. Ескерткіштің аумағы 5,3 гектар жерді алып жатыр. Қорғалатын аймақтың жалпы ауданы 19 гектарды құрайды. Оның ішінде: қорғау аймағының ауданы– 5,2 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағының ауданы – 13,8 гектар.
Қорым ХІХ ғасырдың басында пайда болды. Аңыз бойынша, қорым осы жерде жерленген әйелдің есімімен аталған.
Бұл Каспийдің солтүстік жағалауындағы ең ірі діни-мемориалдық кешен. 200-ге жуық көрнекті ғимараттар бар. Мұнда көптеген кесенелер кездеседі, олар үйлер үлгісінде шикі саман кірпіштен салынған. Күмбездері киіз үйдің шаңырағына ұқсас болып келеді. Қабір тастарының ішінде пішіні мен мөлшері жағынан аймақта сирек кездесетін түрлері бар.
Қорымды алғаш рет 1988 жылы "Қазжобалауреставрация" институтының мамандары зерттеді, 1990 жылы қорым мемлекеттік қорғауға алынды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Е. Әжіғали "Алтын" қорымы туралы "Көшпенділер сәулеті" атты кітабында жазды. Кітапта ол Беріш-Себек руының екі қорымы "Алтын" және "Қатын" бар екенін, олар екі апалы-сіңлінің атымен аталғанын жазады. Бір отбасындағы 9 қыздың үлкені Алтын, ал ұл күткен әкесі кіші қызын «Қатын» деп атаған. Қарақшылардың қолынан қаза тапқан Алтынның жерленген жерін оның атымен атаған. Бірінші қорымнан 25 шақырым жердегі екінші қорым әлі табылған жоқ. Ғалымдар 1942 жылы шыққан Бас штабтың картасында Сарытоғай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде "Қатын" атты қорым белгіленген жазады. Ол осы қорымда жерленген болуы мүмкін.
"Алтын" қорымында Айтуар мен Бегәлі бейлердің бейіттері бар. Негізінен, Беріш руының Себек тайпасының өкілдері осында жерленген. Ескі қабір басындағы құлпытастар арасынан бір ғана Адай руының зираты кездеседі. Өрнектер мен эпиграфикалық белгілер бойынша кейбір тастардан Еділ татарларының жерлеу рәсімдерінің әсері болғанын көруге болады. Жерленгендердің көпшілігі Беріш руынан.
Қазір "Алтын" қорымында 60-тан астам нысан есепке алынды. Ескі жазулармен жазылып шебер жасалған құлпытастардың әрқайсысы тарихи мұра болып табылады.
Әдебиеттер:
1. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.194 - 195;
2. Решение Атырауского областного маслихата от 20.06.2018 г. за № 227-VI. Приложение -2;
3. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало – Каспийского региона) – Алматы, 2002 – С.159- 163;
4. Эпиграфические памятники атырауских казахов. Т.I. - Атырау, 2017 – С.35-75;
5. Региональные сакральные объекты Казахстана. – Алматы, 2017- С. 157;
6. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Атырау қаласы және Махамбет ауданы. IV Т. - Атырау, 2013.- 151-161 бет;
7. История и культура Атырау в русских источниках (XVIII-XX вв.) Том 1. / сост. Кипиев М.- Атырау,2014.