Ақпарат
Фотогалерея
Бейнеролик
Виртуалды тур

Исатай-Махамбет сәулет-мемориалдық кешені

Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған "Исатай-Махамбет" сәулет-мемориалдық кешені.

Географиялық орналасқан орны: Атырау қаласы, Қ. Сәтбаев пен

И. Тайманов даңғылдарының қиылысы.

Координаттары: N 47°06'26.4" E 51°54'09.8"

Нысанның мәртебесі: ХХ ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші.

Сипаттамасы: 2003 жылы сәулетшілер С.Т. Бөгенбай мен Б.Х. Тайталиев, мүсіншілер Б. Әбішев пен Е. Сергебаев тұрғызған.

Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов қазақ халқының даңқты ұлдары, бостандыққа ұмтылысты, патриотизмді және еркін рухты бейнелейтін 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшілері.

Сәулет-мемориалдық кешен 3 бөлімнен тұрады: Махамбет пен Исатай монументі, Ақ жол аллеясы және ландшафтты шағын саябақ. "Исатай-Махамбет" монументінің өзі екі метрлік тұғырға орнатылған, әрқайсысының биіктігі 5 метрден асатын, қоламен көмкерілген екі фигуралы ат композициясынан тұрады. Ансамбльдің жалпы биіктігі шамамен 11 метр. Айналасында аумағы 4,8 гектар болатын үлкен алаңда 13 субұрқақ, 350 шам орнатылған және 200-ден астам көк шырша мен 5 мың раушан гүлі отырғызылған. Оның аумағында биіктігі 1,7 метр болатын 16 гранит блоктар симметриялы орналастырылып, оларда Махамбеттің өлеңдері жазылған. Монументтің артқы жағында ашық қорған болып табылатын кесілген сфера, оның қимасында мөлшері 14х2,8 метр болатын «Халық Жолы» барельефі бейнеленген, ол көтеріліс басшыларының халықпен бірлігі туралы баяндайды.

Мемориалдық кешен Атырау қаласында Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Кешен қаланың екі рухани орталығы – Жаңа Иман мешіті мен Успен шіркеуі арасында орналасқан және олармен бірге тұрғын үй кешені біртұтас қала құрылысы ансамблін құрайды.

Әдебиеттер:

1. Сакральный Казахстан. Т. 2. – Астана, 2018 – С.131 – 132;

2. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Атырау қаласы және Махамбет ауданы. IV Т. - Атырау, 2013.- 100-102 бет.