Сұлтан Бейбарыс ескерткіші
Географиялық орналасқан орны: Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, Атырау облыстық әкімдік ғимаратының алдында.
Координаттары: N 47°06'29.4" E 51°54'58.2"
Нысанның мәртебесі: ХХ ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші.
Сипаттамасы: 2000 жылы Атырау қаласының ортасында Әйтеке би көшесінде, облыс әкімдігі ғимаратының алдында орнатылды. Аты аңызға айналған тұлға, жауынгер және мемлекет қайраткері – Сұлтан Бейбарыстың құрметіне тұрғызылған (Толық аты-жөні Сұлтан Бейбарыс әл-Мәлік аз-Захир Рукн-ад-дин Бейбарыс әл-Бундукдари ас-Салих). Авторлары: мүсінші К. Кәкімов және сәулетші К. Жұмабай.
Ескерткіш Алматы облысының Күрті ауданынан әкелінген граниттен тұрғызылған. Композиция 3 бөліктен тұрады: жердің, Египеттің символы және аңыз адамның өзі. Ескерткіштің биіктігі 7,2 м және биіктігі 3,8 м болатын тұғырға орнатылған, бүкіл композицияның тұғырымен қосқандағы биіктігі – 12,0 м. Монументтің жалпы салмағы - 120 т.
Пирамида және киіз үй түріндегі қатар орнатылған тас фигуралар Сұлтанның екі елдің – Мысыр мен Қазақстанның тұлғасы болып табылатынын білдіреді. Ескерткіштің авторлары ескерткіштің артына орнатқан гранит жарты шарда ежелгі түрік тіліндегі руна жазуы жазылған. Түркі тілінде «Елиме жериме, суыма. Осы бир түрк ели ел болсын деп жасаган исимиз еди. Күлтегін». Бұл мәтіннің аудармасы «менің халқыма, жеріме және суыма. Бұл түркі халқы Халық болуы үшін біз өз ісімізді жасадық. Күлтегін.»
2000 жылы қаланың орталық алаңына Сұлтан Бейбарыс есімі берілді.
Әдебиеттер:
1. Атырау облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы: Атырау қаласы және Махамбет ауданы. IV Т. - Атырау, 2013.- 107 бет;
2. Сакральный Казахстан. Т.2. – Астана, 2018 – С.209-211.